ҰСЫНЫЛАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫНА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРУ ҚАЖЕТ — БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ

Аталған бағыттағы жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Paper Free» форматы бойынша өзара іс-қимыл мүмкіндігін — қағаз түріндегі құжат айналымын жою, «бір өтінім» қағидасына көшуді қарастырады.

Бастапқы есептеулер бойынша, аталған шараларды іске асыру таяу уақытта 20 млн астам анықтаманы толығымен жоюға мүмкіндік береді. 

«Қазіргі уақытта 746 мемлекеттік қызмет көрсетудің «Азаматтарға арналған үкіметке» 621 қызмет көрсету берілді, бұл 83% астамын құрайды. Аталған қызметтерді 349 фронт-офистер көрсетеді, онда жыл сайын шамамен 37 млн қызметті ұсына отырып, 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс жасайды», — деді ақпарат және коммуникациялар министрі.

Бұдан өзге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының сенімді басқаруына кейбір ақпараттық жүйелерді беру мәселесі пысықталуда, олардың ішінде eGov электронды үкіметі порталы, mGov мобильді қосымшасы, ХҚКО ЫАЖ, «Жылжымайтын мүлік тізілімі» ММБ және «Мемлекеттік жер кадастры» ААЖ бар. 

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан халыққа қызмет көрсету орталықтарына арналған Ықпалдастырылған ақпараттық жүйе  — ХҚКО ЫАЖ сенімді басқаруына берілді.

Дәурен Абаев аталған жұмыс өз-өзіне қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтумен, тек электронды форматта жоспарлауды және одан әрі  мемлекеттік қызмет көрсетуді қарастыратын «Digital by default» қағидасын іске асыруды көздейтінін түсіндірді.

Аталған мәселе бойынша сондай-ақ ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

«Қазіргі уақытта Мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне одан әрі қосу үшін «жасырын» қызмет көрсетулерді (ескерт. Мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне қосылмаған, «мемлекеттік қызмет көрсету» анықтамасына сәйкес келетін жекелеген мемлекеттік органдардың фукциялары) анықтау бойынша жұмыс жүргізілді», — деп хабарлады Тимур Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрі айтқан мәліметтерге сәйкес аталған жұмыс аясында Тізілімге 58 жаңа мемлекеттік қызмет көрсету қосылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тағы 200 функциясын талдау аяқталды, оның қорытындысы бойынша Тізілімге 50 жаңа мемлекеттік қызмет көрсету енгізіледі. 

Бүгінгі таңда Тізілімдегі мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 746 мемлекеттік қызмет көрсетуді құрайды, олардың 452 мемлекеттік қызмет көрсетуін электронды форматта алуға болады, 621 мемлекеттік қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы, жергілікті атқарушы органдар арқылы — 191 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, рұқсат беру жүйесін жеңілдету мақсатында онлайн режимде барлық рұқсаттар алу мен хабарламаларды жолдау толық автоматтандырылған.

Бұдан өзге, аталған мәселе бойынша отырыс барысында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов баяндады.

Мәселені қарауды қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына жұмыстың цифрлық форматына көшу аясында ұсынылатын қызметтердің сапасына ерекше назар аудару тапсырылды.

«Мемлекеттік қызмет көрсетулердің 85% «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына берілді – біз жоғары межеге жеттік. Бірақ, егер мұқият қарайтын болсақ – қызмет көрсетулердің сапасы бойынша біраз жұмыс жүргізу қажет. Мәселе қанша қызмет көрсететінімізде емес, қалай көрсететінімізде. Халық сапасыз қызмет алғанын сезген кезде бәрібір қағаз түріндегі анықтама алуға барады. Мұнда мемлекеттік органдар өз тәсілдерін өзгертуі тиіс», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қосымша мемлекеттік қызмет көрсетулерді баламасыз қызмет көрсетуге көшіру бойынша Жұмыс жоспарын пысықтау қажет.

Премьер-Министр азаматтардың  жеке мәліметтерін қорғау мәселесіне ерекше назар аударды.

«Мемлекеттік корпорацияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту қажет», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Ұлттық экономика министрлігіне бір айдың ішінде «жасырын» қызмет көрсетулер, жауапты лауазымды тұлғаларды анықтау бойынша Жол картасын әзірлеу тапсырылды.

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4419