СЕУЛДЕ ИНВЕСТИЦИЯ АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДА ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ІРІ КОМПАНИЯЛАРЫМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

рус/eng

Сеулде ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов бастаған қазақстандық делегация мен Оңтүстік Кореяның ірі компаниялары арасында экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Делегация құрамында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басшысы Азамат Ойнаров, «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «ҚТЖ-Экспресс» ҰК, «ҚазАгро» АҚ өкілдері және т.б. бар. 

Бүгін Қазақстан делегациясының мүшелері Корея елінің Энергетика және минералдық ресурстар Ассоциациясы төрағасының орынбасары Санг Вун Ханмен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

«Соңғы уақытта біз Қазақстанның Елшілігі мен «ҚазГеология» АҚ-мен белсенді өзара іс-қимыл орнаттық. Осы жұмыстардың нәтижесінде біздің компаниялар Қазақстанның тау-кен секторында қызықты жобаларды табады деп үміттенеміз», — деп атап өтті Санг Вун Хан.

Кореяға сапар барысында арнайы экономикалық аймақтарды басқару мен заңнамалық реттеу тәжірибесімен алмасу бойынша диалог орнатылып, 2013 жылдан бері өз жұмысын тау-кен металлургиясы секторында, логистика және жасыл экономика салаларында және басқа да перспективалы бағыттарда жүргізіп келе жатқан «East Cost» АЭА мүмкіндіктері таныстырылды.

Сонымен қатар, инвестиция апталығының бірінші күні аса ірі корейлік ТҰК: Noroo Kiban, Highvill және POSCO ICT компанияларының басшылығымен кездесулер өтті. Мәселен, Highvill компаниясының басқарма төрағасымен кездесуде Қазақстанның өңірлеріндегі бірқатар құрылыс жобаларын инвестициялау мәселелері талқыланды.

«14 жыл бойы біз Қазақстанда өз бизнесімізді жүргізіп келеміз, осы сәтті пайдаланып, бұл қолдауларыңыз үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Мен құрылыс бизнесімізді табысты іске асырдық деп санаймын. Біздің компания бұл жұмыстарды одан әрі де жалғастыра беретін болады. Біздің Қазақстандағы тәжірибеміз – осы елдегі басқа корей компанияларының жұмысы үшін тамаша үлгі бола алады», — деп атап өтті Ко Джэ-ил.

Өз кезегінде, Noroo Kiban компаниясы жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданумен аграрлық сектор, химия өнеркәсібі жобаларына инвестиция салуға қызығушылық танытты. Мәселен, кездесу барысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев осы өңірдегі жобаларға инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. 

POSCO ICT компаниясының бірінші вице-президенті Ли Чан Бокпен кездесуде АТ—инфрақұрылымына, автоматтандыруға, Smart City-ге инвестициялар салу мүмкіндіктері талқыланды.

«20 сағат бұрын Қазақстандағы Корея Елшісімен кездестік, ол АТ саласында оңтүстік кореялық компаниялармен, әсіресе, POSCO тәрізді компаниямен ынтымақтастық әлі жеткілікті деңгейде орнатылмағанына таңданысын білдірді. Біз сіздің компаниямен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіреміз», — деп атап өтті POSCO ICT компаниясының бірінші вице-президентімен әңгімелесу кезінде Kazakh Invest басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев.

Инвестиция апталығы аясында оңтүстік кореялық компаниялармен бірқатар кездесулер және Сеулде бизнес-форум өткізу жоспарланған.

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3371